Маңғыстауда автобус мұнайшыны қағып кетті: ер адам оқиға орнында көз жұмды
Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр
Маңғыстау облысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері қаза тапты. Ер адам аялдама маңында жолдан өтіп бара жатқанда вахталық автобустың астына түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға сағат 11:30 шамасында Ақтау – Қаламқас тасжолының 170–171-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Daewoo автобусы Қаражанбас кен орнына қарай бағыт алған. Алған жарақаттарынан мұнайшы оқиға орнында көз жұмды.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қызметкерінің қаза болғанын растады.
Полиция департаментінің мәліметінше, осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылған. Қазір тергеушілер жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Айта кетейік, өңірде бұған дейін де вахталық көліктердің қатысуымен жол апаттары болған. 2024 жылдың қарашасында Қаражанбас – Ақтау тасжолында мұнайшылар мінген автобус жылқымен соқтығысқан. Салдарынан бірнеше жұмысшы жарақат алып, олардың бірі екі аяғы сынған күйде ауруханаға жеткізілген.