Қазақстандықтарды алдап, шетелге қашып кеткен азаматты Тайланд полициясы ұстап берді

24 жастағы күдікті тергеліп жатыр 

Қазақстандықтарды алдап, шетелге қашып кеткен азаматты Тайланд полициясы ұстап берді
Фото: Phuket Immigration

24 жастағы Қазақстан азаматы Таиландтың Патонг қаласында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Thephuketnews жазғандай, ол виза мерзімін 185 күннен астам уақытқа асырып жіберген. Бұған дейін оған Қазақстан халықаралық іздеу салған. Ер адамға қолдан құжаттар жасап, 20-дан астам жалған компания құрды деген айып тағылған.

Тергеу мәліметінше, компаниялар ақша жылыстату үшін, салық төлеуден жалтару үшін қолданылған. Соның салдарынан Қазақстан 560 миллион 833 мың 701 теңге көлемінде зиян шекті.

Пхукет иммиграциялық қызметінің мәліметінше, «Сергей» деген адам 3 қарашада Патонг қаласындағы жатақханалардың бірінде ұсталған. Есік ашылған кезде ер адам абдырап, бөлме ішінде жасырынатын жер іздеген. Операция Қазақстан елшілігі мен Интерполдың сұрауы бойынша жүргізілген.

Қазақстан азаматы Тайландқа 2026 жылғы 4 наурызда барған. Оның визасының уақыты 2 мамырда біткен. Оған Таиландта рұқсат етілген мерзімнен артық болғаны үшін айып тағылды. Тергеушілер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Ұстау операциясын Пхукет иммиграциялық қызметінің қызметкерлері Провинциялық полицияның 8-өңірі 3-тергеу бөлімімен бірлесіп жүргізген.

6-иммиграциялық басқарманың мәліметінше, билік халықаралық іздеуде жүрген немесе визасының мерзімін бұзған шетел азаматтарына қатысты тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. ҚР СІМ ұсталған азаматты Қазақстанға беру мәселесі уәкілетті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен пысықталып жатқанын мәлімдеді.