Ата-анасы арыз жазады: Павлодардың білім басқармасы Гарвардтан грант ұтып алғанын айтқан оқушының сөзіне сеніп, ақпарат таратқан
17 жастағы Айханым Оқасова әкім Асаин Байхановтың қолынан ақшалай сыйлық алған
АҚШ-тың әйгілі университеті Гарвардтан грант ұтып алғанын жариялаған 17 жастағы павлодарлық оқушы Айханым Оқасованың оқиғасы желі жұртын дүрліктірді. Ол 2027 жылдың күзінен бастап Harvard Extension School-да оқуын бастайтынын айтып, шақыртуын көрсеткен. Бірақ гәп басқада. Оның толық стипендияны ұтып алғаны «жалған» деген пікірлер айтылып жатыр. Azattyq Rýhy редакциясы мәселенің мән-жайын анықтау үшін тиісті мекемелерге сұрау салды.
Павлодардың білім басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, оқушы 2026 жылы 30 қазанда электрондық поштасына Harvard Extension School атынан хат келіп түсті деген. Хатта 2027 жылдың күзгі семестрінен бастап Bachelor of Liberal Arts (ALB) бакалавриат бағдарламасы бойынша негізінен онлайн форматта білім алу мүмкіндігі, сондай-ақ оқу кезеңіне толық көлемде стипендия тағайындау туралы ақпарат жазылған.
Павлодардың білім басқармасы бұл қуанышты жаңалықтың шын-өтірігіне көз жеткізбестен өз парақшасына салған.
«Бұған дейін Білім басқармасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында оқушының білім саласындағы жетістіктері туралы ақпарат жариялаған болатын. Жарияланымның мақсаты – оқушының білім алуға деген ұмтылысын қолдау және өзге де білім алушыларды академиялық дамуға ынталандыру. Гарвард университетіне оқуға түсу туралы ақпараттың шынайылығына қатысты күмән тудыратын жазбалар пайда болғаннан кейін аталған материал басқарманың ресми парақшасынан алынды. Қазір мектеппен және оқушының отбасымен бірлесіп, хаттың келіп түсу мән-жайлары мен шетелдік жоғары оқу орындарынан түскен ұсыныстардың мазмұны нақтыланып жатыр», - деп жауап берді бізге басқарма өкілдері.
Мекеме шетелдік жоғары оқу орындарынан, соның ішінде Harvard Extension School тарапынан келіп түскен шақыртулар мен ұсыныстарға қатысты мәліметтерді тексеру керегін мойындап отыр.
Енді оқушының отбасы хаттың шынайылығын тексеру үшін полицияға жүгінбекші.
Басқарманың хабарлауынша, қыздың басқа оқу орнынан, яғни М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алу үшін берілген ішінара білім беру грантын алғаны рас.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам мүшелерінен аталған жағдайға түсіністікпен қарауды және мәселенің кәмелетке толмаған оқушыға қатысты екенін ескеруді сұраймыз. Осы орайда мәселенің мән-жайы толық анықталғанға дейін асығыс тұжырым жасамауға, расталмаған мәліметтерді таратпауға және кәмелетке толмаған оқушының құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге шақырамыз» ,- деді мекеме өкілі.
Айта кетсек, Айханым Оқасова әлеуметтік желіде өте үлгілі, білімді, әрі кәсіпке жақын оқушы ретінде көрінеді. Өзінің жазуынша, ол 9 тіл біледі, 7 тілде еркін сөйлейді. Ол 6 тілден сабақ беріп, өзі секілді 700 оқушыға білім берген. Павлодарлық замандастарымен бірігіп, Ailingo деп аталатын білім беру платформасын құрған. Ол дарынды әрі белсенді жастарға берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауынының «Білім» номинациясын жеңіп алған. 500 мың теңге сыйлықты әкім Асаин Байхановтың қолынан алған.
«Байқауға түрлі салада жетістікке жетіп, өзіндік бастамаларымен көзге түскен жастардан барлығы 146 өтінім келіп түсті. 15 қазанда байқаудың номинацияларының әр бағытында конкурстық комиссиясының ашық отырысы өтіп, қатысушылар ұсынған материалдар жан-жақты қаралды. Оқасова Айханым байқаудың «Білім» номинациясында өтінім беріп, бірегей комиссия шешімі бойынша аталмыш бағытта жеңімпаз атанды. «Білім» номинациясының конкурстық комиссия құрамына білім ардагерлері, сала мамандары енді. Жалпы байқауда комиссия мүшелері үміткерлердің жеке жетістіктерін, кәсіби нәтижелерін, қоғамдық белсенділігін және өңірдің дамуына қосқан үлесін ескере отырып, 10 номинация бойынша 20 жеңімпаздарды анықтады», - деп хабарлады Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы.
Azattyq Rýhy редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бір күн бұрын Гарвард университетіне сұрау жолдаған.