Өткен аптада Қызылорда облысында бес адам суға кетті

Өңірде суға шомылуға болмайтын 64 аймақ белгіленген

Өткен аптада Қызылорда облысында бес адам суға кетті
Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында су қауіпсіздігі бойынша ережелерді сақтамау салдарынан 25 оқиға тіркеліп, 27 адам қайтыс болды. Оның 9-ы бала. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.

​«Өткен аптада 5 қайғылы оқиға тіркелді, азаматтардың мәйіті табылып, судан шығарылды. Өңірде суға шомылуға болмайтын 64 аймақ белгіленіп, 139 ескерту тақтайшасы орнатылды. Суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де қайғылы жағдайдың көбеюіне әкелуде», - деді Саид Шазындаұлы.

Департамент өкілінің айтуынша, жаз айларында табиғатқа шығып, демалысты өзен мен көл жағасында өткізетін тұрғындар көп.

Еске сала кетейік, 9 шілдеде Қызылордада Шіркейлі каналына жуынуға барған сәтте құлап кеткен 28 жастағы жігіттің мәйіті табылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.