Павлодар облысында босанған әйелдің жатырын алып тастаған: Ақсу ауруханасынан заңбұзушылықтар анықталды
Кесарь тілігінен кейін әйелдің жағдайы ауырлап, дерті асқынған
Ақсу қалалық ауруханасында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде елеулі заңбұзушылықтар болғаны анықталды. Кесарь тілігінен кейін әйелдің қан кетіп, кейін ауыр асқынулар пайда болған. Соның салдарынан дәрігерлер оның жатырын алып тастауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Науқастың айтуынша, операциядан кейін ол көп қан жоғалтып, бірнеше рет медицина қызметкерлерінен көмек сұраған. Алайда әйелдің сөзінше, аурухана қызметкерлері оның жағдайына ұзақ уақыт бойы назар аудармаған.
Кейін науқастың жағдайы нашарлап, сепсис және басқа да ауыр асқынулар дамыған. Ақырында дәрігерлер жатырды алып тастау операциясын жасауға мәжбүр болған.
Осы шағымнан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Ақсу қалалық ауруханасында жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оған тәуелсіз сарапшылар да тартылған. Тексеру қорытындысында медициналық диагноз қою және көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтар анықталған.
«Жатыр атониясы патологиясын дер кезінде және дұрыс анықтамау, сондай-ақ босанғаннан кейінгі ерте кезеңде Қапарова Д. Ж.-ның жағдайын сапасыз бақылау және кезекші дәрігерлердің жатыр атониясы кезінде медициналық көмекті уақытылы көрсетпеуі анықталды», – деп жазылған Департаменттің ресми қорытындысында.
Сонымен қатар тексеру медициналық көмектің кеш көрсетілуі салдарынан жедел бүйрек жеткіліксіздігі мен диссеминацияланған тамырішілік ұю синдромы (ДВС-синдром) сияқты ауыр асқынулар болғанын анықтаған.
Тексеру материалдары Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және полиция департаментіне жолданған. Енді аталған органдар өз құзыреті шегінде тиісті шешім қабылдауға тиіс.