Қостанай облысында 5 жастағы баланың өлімі: оқиғаға қатысты сұмдық ақпарат тарады
Бүлдіршін әкесі мен өгей анасының қолында небәрі жарты жыл тұрған
Қостанай облысында 5 жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Прокуратура күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ал қайғылы оқиғаның бірқатар мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Құсмұрын кентінде болған.
Мәліметке сәйкес, баланың басы мен денесі ауыр жарақаттанған. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем дәрігерлері оның қайтыс болғанын ғана анықтаған.
Алғашында оқыс оқиға болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда баланың денесін тексергеннен кейін оған зорлық-зомбылық көрсетілгені белгілі болған.
Белгілі болғандай, марқұм бала туған әкесі мен өгей анасының қолында тұрған. Отбасында басқа да балалар бар. Бала бұл үйге осыдан небәрі жарты жыл бұрын келген.
Бұған дейін ол Астанада әжесінің тәрбиесінде болған. Мәліметке қарағанда, әжесі немересін әкесіне бергісі келмеген.
Сондай-ақ баланың туған анасы ата-ана құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Қостанай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Басенованың айтуынша, әкесі баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы шешім қабылдап, оны өз қолына алған.
«Әкесі баланың қайда тұратынын өзі шешіп, баланы алып кеткен. Отбасы көпбалалы, жалпы алғанда жағдайы жақсы деп есептелген. Бұған дейін бұл отбасына баруға немесе қайта-қайта тексеруге себеп болмаған. Дегенмен қазір біз барлық мән-жайды анықтап жатырмыз», – деді Несібелі Бәсенова.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында ер адам 5 жасар бүлдіршінді аяусыз ұрып өлтіргені туралы жаздық. Күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Қазір іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Қостанай облысының прокуратурасының бақылауында.