Алматыда күніне төрт банка энергетик ішкен ер адамның асқазаны тесіліп қалған
Дәрігерлер энергетиктің жара тесілуіне себеп болғанын нақты айтуға болмайтынын ескертті
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына іші қатты ауырған жас жігіт жеткізілді. Дәрігерлер оның асқазанында тесілген жара барын және перитонит асқынғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, хирургтер науқасқа шұғыл ота жасаған. Олар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартқан. Емнен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, үйіне шығарылған.
Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3–4 банка энергетикалық сусын ішіп жүрген.
«Асқазан жарасының тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айтуға болмайды. Дегенмен оларды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе асқазан аурулары бар адамдар абай болғаны жөн», – деп ескертті аурухана хирургі Ілияс Сағиев.