Алматыда автобусқа пышақ ұстап кірген ер адам жолаушылардың зәресін ұшырды (ВИДЕО)

Полиция 38 жастағы ер адамды қарусыздандырып, 12 тәулікке әкімшілік қамауға алды

Алматыда автобусқа пышақ ұстап кірген ер адам жолаушылардың зәресін ұшырды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Алматыда автобуста пышақ ұстаған ер адам жолаушыларды қорқытқан. Патрульдік полиция қызметкерлері келгеннен кейін де ол олардың талаптарын орындаудан бас тартқан. Ер адам қарусыздандырылып, полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Жетісу аудандық полиция басқармасына маршруттық автобуста жанжал шығарған ер адам туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері агрессивті әрекет көрсеткен ер адамға тап болған.

Ұсталған адам 38 жастағы Нұржан Майлыбаев болып шықты. Полиция қызметкерлері оған екі құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырған.

«Сотта қарау нәтижесінде оған 12 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», – деп мәлімдеді полиция.