Таразда ер адамның өлімі тергеліп жатыр: күдікті дереу қолға түсті
Полиция күдіктіні оқиға ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Таразда жас жігіттің өлтірілгені туралы талқылап жатыр. Жамбыл облысының полициясы күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тараз тұрғынының өлтірілгені туралы ақпарат Halyqstan Telegram-арнасында жарияланған болатын.
«Таразда 24 жастағы жігіт қаза тапты. Ол қаланың ортасында бір топ белгісіз адамның қолынан қаза тапты. Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған. Оқиға кеше сағат 17:00 шамасында Абай көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше адам жігітке пышақ жарақатын салып, қашып кеткен», – делінген жарияланымда.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға ізін суытпай ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.