Алматыда екі жасөспірім 10-қабаттан секірмек болған – оларды журналистер құтқарып қалды (ВИДЕО)
Бұл туралы қаланың полиция департаменті хабарлады
Алматыда екі жасөспірім оныншы қабаттан секірмек болған. Абырой болғанда, оларды сол қабатта жұмыс істейтін журналистер байқап, құтқарып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының полиция департаменті хабарлағандай, журналистер әдеттегідей кеңседегі жұмысына енді-енді келіп жатқан. Кенет олар терезенің артында екі баланы байқап, алдымен оларды сөзге тартқан.
«Бірақ, балалар сөзге келмей, қауіп туа бастаған. Сондықтан үш журналист бірден көмекке ұмтылып, терезенің артындағы екі баланы күшпен ішке кіргізген. Сондай-ақ олар бірден полиция мен жедел жәрдем шақырған», - деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Оқиға орнына келген полиция мен жедел жәрдем балаларға көмектесіп, жасөспірімдерді алып кеткен. қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.