Айдос Мырзахметов басы артық есептерді де азайтпақ
Кеше, 27 қыркүйек күні Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов министрліктегі басшылық құраммен алғашқы кеңесін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Айдос Мырзахметов басы артық әкімшілік рәсім мен маңызы жоқ кеңестерді қысқартпақ көрінеді.
«Негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталады», - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында.
Айдос Мырзахметов сондай-ақ әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайтқысы келеді. Командирлер сарбаздардың моральдық-психологиялық жағдайын жақсартып, тәрбие жұмысының сапасын арттыруы керек.
«Командирлер әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударуы керек», - деп жазылған министрліктің ресми сайтында.
Бұдан басқа министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарау керек дейді.
«Әскери бөлімшелерді өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындауға ерекше назар аударамыз. Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деп жазылған министрліктің ақпаратында.
Бұдан басқа министрлік басы артық әкімшілік рәсімдерді, практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқартып, оның орнына әскерлердің жауынгерлік қабілетін күшейтпек.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – дейді жаңа министр.
Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.
Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.
Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.
Бүгін вице-президент Ерлан Қарин қаржылық аудиттің алғашқы есебі жеті күннен кейін, ал, ауқымды реформаның жоспары он күннен кейін жария болатынын мәлімдеді.