Жамбыл облысында жүк көліктерін тоқтатып, жүргізушілерді бопсалаған бір топ жігіт ұсталды (ВИДЕО)
Жүк көліктерінен басқа олар жеңіл көліктерді де, жолаушыларды да бопсалап келген
Жамбыл облысында бір топ жігіт қолға түсті. Олар осы облыстағы шекара бекетінің маңында жүк көліктерін тоқтатып, жүргізушілерін бопсалап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, күдіктілер жүк көліктерінің жүргізушілерін ғана емес, жеңіл көліктерді де, шетелден көлік әкеле жатқан адамдарды да, жолаушыларды да бопсалап келген. Оларды ұстауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де қатысқан.
«Жамбыл облысындағы шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк, жолаушылар, жеңіл және транзиттік автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалады деген күдікпен қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олардың мекенжайларына 27 рет тінту жасалды. Тінту кезінде суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автомашиналар тәркіленді», - деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Қылмыстық іс бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша қозғалған.