«Полиция қызметкері екені рас па?»: Астанада бір әйелді пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

Полиция бұл туралы бүгін хабарлап отыр

«Полиция қызметкері екені рас па?»: Астанада бір әйелді пышақтап өлтірген күдікті ұсталды
Фото: полиция

Осыдан екі күн бұрын, 22 қыркүйекте Астанада бір әйел ер адамның қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Күдікті әйелге 20:00 кезінде шабуыл жасап, оны пышақтап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады. Анықталғандай, әйел қылмыс болған жерде тіл тартпай кеткен.

«22 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында Астанада бір әйелге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына жеткен полиция әйелді әлдекімнің пышақтап кеткенін анықтады. Көп ұзамай полиция күдіктіні қолға түсірді», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Полиция сондай-ақ күдіктіге қатысты желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Күдікті қазір изоляторда. Ол полиция қызметкері деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұл қылмыс Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, заңға сай ең ауыр жаза алады», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйек күні Семейде 24 жастағы жігіт бұрынғы танысы Дильяра Сәлімбаеваны туған інісінің көзінше пышақтап өлтіріп кеткен еді.