Алматы облысында 16 жастағы аяғы ауыр бойжеткен көлік апатына түсті

2003 жылы туған науқас Талғар аудандық ауруханасына жеткізілді

Алматы облысында 16 жастағы аяғы ауыр бойжеткен көлік апатына түсті

Алматы облысында 16 жастағы бойжеткен көлік апатына түсті. Ол Талғар аудандық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2003 жылы туған науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ол жүктіліктің 2-3 аптасында. Дәрігерлердің қарауынан кейін, ауруханаға жатудан бас тартты. Амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын болады», – деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова.

Алдын-ала мәлімет бойынша, Қызыл Қайрат аулынан шыға берісте жедел жәрдем көлігі жол талғамайтын автокөлікпен соқтығысқан. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатқандықтан, аяғы ауыр бойжеткеннің нақты қай көлікте болғаны әзірге белгісіз.

Куәгерлердің айтуынша, бұл аймақта көлік апаты жиі болып тұрады. Бұған ескерту белгілерінің жоқтығы және кептелістердің салдарынан жүргізушілер қарсы бағытқа шығып кетуі себеп болады екен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.