«Кедейді байытып, бедеулікті емдейді»: Қазақстанда ұрғашы қасқырдың қынабы 90 мың теңгеден сатылып жатыр
Аңның жыныс мүшесі ашықтан ашық сатылады
Ірі онлайн платформалар мен әлеуметтік желілерде ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесі 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі бағада сатылып жүр. Саудагерлер оның түрлі мақсатта қолдануға болатынын айтады. Оны кейде «қаншықтың сарпайы» деп жатады. Оған қатысты халық арасында түрлі наным-сенім қалыптасқан. Бірі оны тұмар ретінде тағып, жол ашады деп сенсе, енді бірі медициналық тұрғыда түрлі ауруға ем болады деп сенеді. Azattyq Rýhy аталған өнімге деген қызығушылықтың себебін және заңда бұл туралы не айтылғанын анықтап көрді.
Әлеуметтік желідегі хабарландырулардың бірінде ұрғашы қасқырдың сарпайы 90 мың теңгеге ұсынылған. Саудагердің айтуынша, оны жолы болмай, қаржылық қиындыққа тап болған адамдар сатып алса, өмірі гүлденіп, ісі өрге жүзіп кетеді-мыс. Ырымға сенгендер Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс береді.
Қасқырдың қынабын кептіріп, бойтұмар етіп алып жүруге қатысты түсінік халық арасында байырғы заманнан бар. Оны ер адамдар алыс әрі қауіпті сапарға шыққанда түрлі қатерден қорғайды деп сенген. Ал әйелдер арасында қаншықтың сарпайы бала сүюге көмектеседі, «әйел энергиясын арттырады» деген түсінік кездеседі.

Дәлелді медицина қасқырдың жыныс мүшесінен немесе басқа аңдардың мүшелерінен жасалған бойтұмарлар бедеулікті емдемейді. Оның қандай да бір ауруға әсер ететініне ғылыми дәлел жоқ. Бала сүюге қатысты қиындықтар болған жағдайда мамандар гинеколог пен репродуктологқа жүгінуге кеңес береді.
Аңшылар арасында қандай түсінік бар?
Қасқырдың сарпайына қатысты аңшылар арасында өзіндік сенім қалыптасқан. Өліп бара жатқан қаншық сарпайы адам қолына түспесін деп, артқы жағын тістеп, жұлмалап тастайды деген аңыз бар. Сондықтан аңшылар бүлінбеген сарпайды тапса, сирек кездесетін ерекше олжаға кенелгендей болады.
Қасқырдың мүшелерін сатуға бола ма?
Қасқырдың бөліктері мен дериваттарын сатуға қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті түсініктеме берді. Комитет мәліметінше, Қазақстанда қасқыр саны реттелуге жататын жануарлар түріне кіреді. Халықтың денсаулығын қорғау, қоршаған ортаға келетін зиянның алдын алу, ауыл шаруашылығына келетін зиянды азайту мақсатында қасқырды атуға рұқсат берілген.
Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес, заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті рұқсат негізінде ауланған жануар аңшының олжасы болып саналады. Сондықтан аңшы оның мүшелерін де белгілі бір деңгейде сата алады.
«Осыған байланысты белгіленген тәртіппен ауланған қасқырдың бөліктері мен дериваттары жеке немесе заңды тұлғаның меншігінде болуы мүмкін. Олар азаматтық-құқықтық мәмілелердің, оның ішінде сату-сатып алу келісімінің нысанасы бола алады.
Бұл ретте жануарлардан алынатын өнімдердің айналымына қатысты заңнама талаптары сақталуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік желіде қасқырдың белгілі бір бөлігінің сатылуы оның заңды түрде алынғанын өздігінен білдірмейді. Өнімнің заңды жолмен алынуы және оны өткізу кезінде белгіленген талаптардың сақталуы маңызды», - деді комитеттен.
Бұған дейін Шымкент базарларында қаншықтың жыныс мүшесі 2-3 мың теңгеден сатылатыны жазылған еді.