Жамбыл облысында дронның көмегімен ер адамның бүтін бір есірткі алқабын өсіргені анықталды (ВИДЕО)

Есірткі алқабын бұрын сотталып шыққан ер адам өсіргені анықталды

Жамбыл облысының құмды жерінде үнді қарасорасы өсірілгені анықталды. Оны өсіру үшін арнайы автономды электр қуатымен жабдықталып, суару жүйесі орнатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, есірткі алқабын анықтау үшін арнайы дрондар қолданылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен күдікті қылмыс жасау үстінде ұсталды. Ол – бұрын бірнеше рет сотты болған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, қарасораны өңдеп және басқа өңірлерге апарып көтерме бағамен сатуды көздеген. Тінту барысында жалпы салмағы 438 келі болатын биіктігі екі метрден астам 50 түп қарасора, қаптама материалдар және арнайы агротехникалық жабдықтар тәркіленді.

«Жедел қызметкерлердің назарына оқ-дәрілері бар, сериялық нөмірі өшірілген Макаров тапаншасы ілікті. Сондай-ақ 12 калибрлі Байкал мылтығы, оған арналған оқ-дәрілер және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын автокөлік тәркіленді. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300 және 287-баптары бойынша құрамынада есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру және заңсыз қару сақтау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.