Шуда жүргізушіні пышақтаған полицей басшыларымен бірге жұмысынан қуылды
Жанжал қала көшелерінің бірінде екі көлік жүргізушісінің арасында басталған
Жамбыл облысында жол бойындағы жанжал кезінде жүргізушіні пышақтаған полиция қызметкері басшыларымен бірге жұмысынан қуылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Шу қаласында түн ішінде болған төбелес полиция бөлімінің басшылығына да әсер етті. Оқиғадан кейін аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамы қызметінен босатылды.
Алдын ала тергеу дерегіне қарағанда, жанжал қала көшелерінің бірінде екі көлік жүргізушісінің арасында басталған. Әуелде сөзге келіскен тараптар кейін төбелесіп, жанжал барысында суық қару қолданылған.
Кейін күдіктінің Шу аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейтіні анықталды. Оның жанжал кезінде пышақ қолданғаны белгілі болды.
Пышақ жарақатын алған азамат дәрігерлердің қарауынан өткен. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханадан үйіне жіберілген.
«Жамбыл облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тексеру жүргізілді. Жедел уәкіл ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды. Бірқатар басшы қызметкер қатаң тәртіптік жауапқа тартылды, оның ішінде қызметінен босатылғандар да бар», - делінген Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.