«Ауруханаға жеткенше есін жиған жоқ»: Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта фельдшер куәлік берді
Сыздықова жедел жәрдем бригадасы оқиға орнынан кеткен кезде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әлі болмағанын да айтты
Астанада жедел жәрдем бригадасының аға фельдшері Ақтамақ Сыздықова 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот отырысында куәлік етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға болған күні жедел жәрдем бригадасына тұрғын үйдің қасбеті құлағаны туралы шақырту түскен. Олар оқиға орнына шамамен 10-15 минуттан кейін барған. Бригада келген бойда зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсете бастаған. Алайда сол кезде ғимараттың тағы бір бөлігі құлап түскен.
Сыздықованың айтуынша, сол кезде ол Ұлдана Мырзуанды мүмкіндігінше тез қауіпсіз жерге шығарып, зембілге жатқызуға тырысқан. Оған оттегі беріліп, жүрек соғысын бақылауға арналған құрал жалғанған. Көктамырына дәрі енгізуге қажетті жол да ашылған.
«Ол кезде Ұлдананың тамыр соғысы мен жүрек соғуы болды. Бірақ аурухананың қабылдау бөліміне жеткізгенше есін жиған жоқ», – деді Ақтамақ Сыздықова.
Сот отырысында жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе де көтерілді. Адвокат Асхат Алимов фельдшерлердің арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген-етілмегенін сұрады. Куәгер мұндай құралдардың болмағанын айтты.
Оның түсіндіруінше, жедел жәрдем қызметкерлеріне құлау қаупі бар аумаққа өз бетінше кіруге болмайды. Алдымен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп, аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
«Бізге оқиға орнына кірмеу керектігін айтатын. Себебі ғимараттың қайта құлау қаупі болды. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметін күтіп, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге шығарып бергеннен кейін ғана көмек көрсетуіміз керек еді. Алайда сол жерде жиналған жұрт зардап шеккендерге тезірек көмек көрсетуімізді талап етті», – деді куәгер.
Сыздықова жедел жәрдем бригадасы оқиға орнынан кеткен кезде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әлі болмағанын да айтты.
Қайғылы жағдайдан кейін жедел жәрдем станциясында қызметтік тексеру жүргізілген. Алайда оның нәтижесі қызметкерлерге хабарланбаған. Қазір жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіпті аумаққа кірмеу және оқиға орнынан қауіпсіз қашықтық сақтау туралы талаптар үнемі ескертіледі екен.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің кірпіштен қаланған қасбеті кондиционермен бірге опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың арасында зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Оған ғимараттың екінші қабатынан құлаған кондиционер тиген.