Атақты айтыскер Айтақын Бұлғақов қатерлі ісікті жеңіп шыққан: желіде әсерлі видео тарады
Ол ұзақ уақыт бойы емделген
Өңеш обырына шалдыққан айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов ұзақ емнен кейін ремиссияға шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақын Үндістандағы медициналық клиникасында ем қабылдаған. Оның денсаулығындағы оң өзгеріс туралы medical travel парақшасы хабарлады.
«Айлар бойы аты жаман аурумен күрескен ағамыз Үндістандағы Yashoda клиникасында ем алып, бүгін өңеш обыры бойынша ремиссияға шықты. Ем барысында әр күн маңызды болды. Әр тексеріс – үміт пен қобалжу. Әр ем – жеңіске қарай жасалған тағы бір қадам еді. Сол ұзақ жолдың нәтижесінде бүгін көптен күткен сүйінші хабарды бүкіл елге бөлісіп отырмыз», – делінген хабарламада.
Айтақын Бұлғақовтың ауыр дертке ұшырағаны туралы биыл белгілі болған. Дәрігерлер оның дер кезінде көмекке жүгінгенін айтып, жазылып кетуге мүмкіндігі жоғары деп бағалаған еді.
Айта кетейік, Айтақын Бұлғақов биыл 66 жасқа толды. Ол 1986 жылдан бері айтыс өнерінде жүрген ақын бүгінге дейін 200-ге жуық республикалық және халықаралық айтысқа қатысқан.