Алматыдағы тұрғын үйдің ауласынан оқ-дәрі салынған пакет табылды
Табылған заттар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді
Алматыдағы тұрғын үйдің ауласынан патрондар мен газ гранатасы болуы мүмкін зат салынған пакет табылды. Табылған заттар айналадағы адамдарға нақты қауіп төндіруі мүмкін болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Кеше Әуезов ауданындағы бірінші шағынауданда өтіп бара жатқан адам иесіз жатқан пакетті байқап, бірден «102» пультіне хабар берген.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы дереу жетті. Аумақ тексеріліп, күдік тудырған пакет тәркіленді.
«Пакеттің ішінен патрондар мен адам өміріне қауіп төндірмейтін газ гранатасы болуы мүмкін зат табылды. Тәркіленген заттардың барлығы сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Мамандар табылған заттардың түрі мен сипаттамаларын анықтайды», – деп хабарлады Алматы полициясы.
Сонымен қатар полицейлер оқ-дәрілердің қайдан келгенін, кімге тиесілі болғанын және тұрғын үйдің ауласына қандай жағдайда түскенін анықтап жатыр.
«Полиция қызметкерлері оқ-дәрілердің шығу тегін, кімге тиесілі екенін және тұрғын үй ауласында қалай пайда болғанын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция күдік тудыратын заттар табылған жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін де еске салды.
«Күдікті заттарды көрген жағдайда оларға қол тигізуге немесе орнынан қозғауға болмайды. Қауіпсіз жерге алыстап, дереу «102» нөміріне хабарлау қажет», – деп ескертті полиция.