Оралда ер адам 6 жасар қызды ұрламақ болған (ВИДЕО)
Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған

Орал қаласында белгісіз ер адам аулада ойнап жүрген 6 жасар қызды күшпен сүйреп әкетпек болды. Аталған сәт түсірілген видеоролик әлеуметтік желілерге тарап кеткен.
Кадрлардан ер азаматтың кішкентай қыздың жанына келіп қысқа сөйлескенін, артынша күштеп алып кетпек болғанын аңғаруға болады. Осы сәтте кадрда екінші ер адам пайда болып, қызды арашалап алып қалады.
Облыстық Полиция департаментінің айтуынша, бұл оқиға 2 тамыз күні болған.
«Зашаған полиция бөлімінің кезекшісіне Мөңкеұлы көшесінде белгісіз ер адамның қызды ұрламақ болғаны туралы хабар келіп түскен. Қыздың анасының арызы тіркеліп, полиция күдікті ер адамды ұстады. Ол оқиға болған кезде алкогольді ішімдікке мас болған», - деді БҚО Полиция департаментінің баспаөз қызметі.
Тәртіп сақшылары күдіктіні тергеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталатын болады.