Павлодарда көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан лақтырылған мұз әйелдің басына түсті

Мұз кесегі сәбиі бар әйелдің үстіне көпқабатты үйден құлаған

Павлодарда көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан лақтырылған мұз әйелдің басына түсті
видеодан скриншот

Павлодарда көпқабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан лақтырылған мұз кесегі әйелдің басына тиіп, ауыр жарақаттады. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларға қарағанда, жағдай 8 шілдеде болғанымен, бұл туралы енді ғана белгілі болды. Оқиға жөнінде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бейнежазбада әйелдің сәбиі отырған арбамен тротуармен келе жатқан сәті көрінеді. Сол кезде көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан оның басына мұз кесегі болуы мүмкін зат құлаған. Қатты соққыдан әйел жерге құлап, бала отырған арба пандуспен төмен қарай жылдам сырғып кеткен.

Жарақат алғанына қарамастан әйел орнынан тұрып, баласының соңынан жүгірген. Анасына өтіп бара жатқан адамдар көмекке келген. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізіліп, басындағы жараға тігіс салынды.

Павлодар облыстық полиция департаменті денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, зерттеді, куәгерлерден жауап алды және өзге де қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Бейнежазбада заттың жәбірленушінің үстіне құлаған сәті анық көрінеді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Осы іске қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оны жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деп мәлімдеді ведомство.

Полицияның баспасөз қызметі бұл қылмыстық істің Павлодар облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.