Энергия жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсуіне байланысты Атырау мен Ақтаудың бір бөлігі жарықсыз қалды

220 кВ электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсуі салдарынан Атырау мен Ақтаудың бірнеше ауданы уақытша жарықсыз қалды

Энергия жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсуіне байланысты Атырау мен Ақтаудың бір бөлігі жарықсыз қалды
Фото: © istockphoto.com

Атырау және Маңғыстау облыстарында 28 шілде күні электр энергиясын беруде іркілістер болды. Бұған 220 кВ электр желілеріндегі рұқсат етілген жүктеменің шамадан тыс артуы себеп болған. Соның салдарынан жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Атырау Жарық» ЖШС мәліметінше, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының электр желілері белгілі бір жүктемеге есептелген 220 кВ әуе электр желілері арқылы өзара байланысқан.

Рұқсат етілген қуат мөлшері асып кеткен кезде энергия жүйесінде апатты жағдайдың өршуіне жол бермейтін жүктемені автоматты ажырату жүйесі іске қосылады.

Компанияның хабарлауынша, 28 шілде күні KEGOC АҚ-ның 220 кВ желісіндегі рұқсат етілген қуат бірнеше рет шамадан тыс артқан. Осыған байланысты автоматты ажырату жүйесі қайта-қайта іске қосылып, Атыраудың сол жағалау бөлігін электр энергиясымен қамтитын желілер ажыратылған.

Соның салдарынан Балықшы, Стройконтора, Сельстрой, СМП-136, Химпоселок, Сауда базасы, Жилгородок, Сырым Датұлы аудандары, сондай-ақ Томарлы, Көктем, Жұлдыз, Ақсай-2, Огородный, Бірінші учаске, Мирный, Құрсай, Толқын шағынаудандары мен елді мекендері және қаланың бірқатар басқа аудандары уақытша жарықсыз қалды.

Сонымен қатар «Ақтау электр желілері басқармасы» коммуналдық кәсіпорны Ақтау қаласында электр энергиясының ішінара апатты түрде өшірілгенін хабарлады. 14, 15, 16, сондай-ақ 28, 29, 30-шағынаудандар мен Толқын-1 шағынауданы жарықсыз қалды.

Қазіргі уақытта Атырау мен Ақтауда апаттық бригадалар ақаудың себебін анықтап, электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Энергетиктер тұрғындардан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрады.

Еске салайық, соңғы күндері Қазақстанның батысында аптап ыстық сақталып тұр. Синоптиктердің мәліметінше, Маңғыстау облысында ауа температурасы +45...+47 градусқа дейін жетсе, Атырау облысында +40...+42 градус ыстық күтіледі. Екі өңірде де қатты ыстық пен төтенше өрт қаупіне байланысты дауылды ескерту жарияланған.