«Айналымы – 200 млрд теңге»: Қырғызстаннан Қазақстанға заңсыз темекі тасыған қылмыстық топтың «көкесі» лауазымды шенеунік болған

Автор: Бақыт Шынар

Қылмыстық топ шенеунікке ірі көлемде пара беріп отырған

Фото: ЖИ жасаған

Түркістан облысында аса ірі көлемдегі контрабанданың беті ашылып, бұл ауыр қылмыстың артында шенеунік тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Түркістан облысының прокуратурасы мәлім еткендей, контрабандалық арнадан түскен заңсыз қаражат 200 млрд теңге болған.

 «Бұл адамдар Қырғыз Республикасынан контрабандалық жолмен темекі өнімдерін тасымалдап, оларды Түркістан облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде сатқан. Жедел іс-шаралар барысында жалпы құны 103 млн теңге болатын темекі өнімдері тәркіленді. Сонымен қатар, шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Тергеу барысында заңсыз делдалдық қызметтен алынған қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларына пара ретінде берілгені анықталды», - деп хабарлайды Түркістан облысының прокуратурасы.

Дереккөзге сүйенсек, қылмыстық схемаға қатысы бар 23 тұлға анықталып, олардың 5-еуі күзетпен ұсталып отыр.

«Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде жалған кәсіпкерлік субъектілері арқылы шамамен 200 млрд теңге көлеміндегі қаржы құралдарын алыс және жақын шетелдерге заңсыз шығару фактісі анықталды», - деп хабарлайды прокуратура.