Шри-Ланкалық әйел екі ұлымен бірге Қазақстанға ұшқысы келген: жергілікті полиция оларды қолға түсірді
Тайланд билігі ірі халықаралық жалған құжат дайындау желісі жұмыс істеп тұрғанын ескертті
Бангкоктың Дон Муанг халықаралық әуежайында Шри-Ланка азаматтарын жалған құжаттармен Қазақстанға заңсыз өткізбек болған трансшекаралық қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, халықаралық құқық қорғау органдарынан түскен жедел ақпарат негізінде әуежайларда тексеріс күшейген. Нәтижесінде халықаралық адам тасымалымен айналысатын қылмыстық синдикаттың жымысқы әрекеті әшкереленді.
Тергеу барысында анықталғандай, Шри-Ланка азаматы Ануса есімді әйел 14 және 5 жасар екі ұлымен бірге сапарға шыққан. Олар алдымен Тайландқа өз елінің төлқұжатымен кіріп, кейін Малайзияға өткен. Содан соң олар Малайзия азаматы Ливия есімді әйелдің жетекшілігімен Бангкоктың Суварнабхуми әуежайы арқылы Қазақстанға ұшпақ болған. Сапар барысында малайзиялық әйел өзін балалардың анасы ретінде таныстырған. Алайда әуекомпания қызметкерлері құжаттардан шикілік байқап, оларды ұшақ бортына жібермей қояды. Осыдан кейін күдіктілер жоспарын өзгертіп, көрші Мьянма еліне қашып үлгерген. Қылмыстық топ Мьянмадан шығып, Бангкоктың Дон Муанг әуежайы арқылы транзитпен Қазақстанға қайта бағыт алмақ болған жерінде қолға түсті.
Тайланд билігі жүргізген мұқият тексерістен соң, күдікті Ануса мен оның 14 жасар үлкен ұлы өзге біреудің атына рәсімделген бөтен Малайзия паспорттарын пайдаланған. Ал оның 5 жасар кіші ұлының малайзиялық төлқұжаты түпнұсқа болып шықты.
Осылайша трансшекаралық қылмыстық топтардың жаңа айла-амалы әшкере болды. Қылмыстық синдикаттар Шри-Ланкадан келген балаларды өз аттарына заңсыз тіркеп, Малайзияның туу туралы куәлігін сатып алады. Кейін осы заңды құжат арқылы балаға малайзиялық паспорт ресімделеді. Қылмыскерлер бұл тәсілді балаларды Еуропа елдері мен өзге де аймақтарға кедергісіз өткізу үшін пайдаланып келген.
Қазіргі уақытта ұсталған екі әйел көші-қон заңнамасын бұзғаны және құжаттарды қолдан жасағаны үшін Тайланд сотында жауап береді. Тексеріс нәтижесінде балалардың адам саудасының құрбаны емес екені дәлелденді. Олар қазір арнайы орталықтың қорғауында. Тайланд билігі Шри-Ланка елшілігімен бірлесіп, балаларды отанына қайтару мәселесін шешіп жатыр.
Тайландтың көші-қон полициясы дәл қазір бірнеше транзиттік елді қамтитын ірі халықаралық жалған құжат дайындау желісі жұмыс істеп тұрғанын ескертіп, барлық халықаралық өткізу пункттерінде бақылауды барынша күшейтуді ескертті.