Ақтөбеде зейнеткер соңғы зейнетақысынан айырылып қала жаздады
Жалған әлеуметтік төлем туралы хабарламаға сенген әйел алаяқтардың арбауына түскен
Ақтөбеде банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында интернет-алаяқтықтың кезекті дерегінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтардың құрбаны бола жаздаған 75 жастағы қала тұрғыны өзінде қалған соңғы зейнетақысы – 120 мың теңгені қаскөйлердің есепшотына аудармақ болған.
Полицияның мәліметінше, зейнеткер Telegram желісіндегі «Динара – бостандыққа жол» атты боттан хабарламалар алған. Онда Қазақстан азаматтарына тиесілі делінген жалған өтемақылар мен әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат таратылған. Алаяқтардың нұсқауына сенген әйел жинаған ақшасын аударуға шешім қабылдаған.
8 шілде күні ол ақша аудару үшін банк бөлімшесіне барған. Алайда банк қызметкерлері клиенттің алаяқтардың ықпалына түскенін байқап, бұл туралы дереу Ақтөбе облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері зейнеткермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, интернет-алаяқтардың кең таралған тәсілдері туралы түсіндіріп, оны ақша аударудан бас тартуға көндірген. Соның нәтижесінде банк қызметкерлері мен киберполицияның бірлескен әрекеті арқылы әйелдің қаражаты сақталып қалды.
Полиция азаматтарға мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын «кепілдендірілген төлемдер», «өтемақылар» және басқа да әлеуметтік төлемдер туралы хабарламаларға сенбеуге шақырды.