Бір күнде үш рет полиция шақыртқан: Астанада тұрғындардың мазасын алған ер адам қамалды
Ол 10 күн қамауда болады
Астанада 47 жастағы ер адам небары бір күннің ішінде қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлық танытып, қала тұрғындарының жүйкесіне тиген. Оның әдепсіз әрекеттеріне шыдамаған азаматтар бір күнде полицияға үш мәрте шағым түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мас күйіндегі ер адам қалалық автобустардың біріне мініп, жолаушы әйелге тиіскен. Оған балағат сөздер айтып, айқай-шу шығарған соң, зәресі ұшқан әйел бірден 102 арнасына хабарласқан. Автобустан түскен соң да ол сабасына түспеген. Аялдамада тұрған тағы бір әйелмен сөзге келіп, оның да дауыс көтеріп, әдепсіз сөздермен балағаттағаны анықталды.
Бұдан кейін бұзақы жолда кезіккен велосипедшімен жанжалдасып, оның көлігін тартып алып, жерге лақтырып жіберген. Жәбірленген велосипедші де тәртіп сақшыларынан көмек сұрауға мәжбүр болған.
Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, айналасына қауіп төндірген құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны қолға түсірді. Оған қатысты қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін және екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Мамандандырылған соттың шешімімен елорданың «агрессивті» тұрғыны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Астана қалалық Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзу, өзге азаматтарға құрметсіздік көрсету және агрессия таныту заң аясында қатаң жазаланатынын еске салады.