Ақмола облысында полицейді боқтаған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Әйел мас болған
Ақмола облысының Астрахан ауданында полиция қызметкеріне тіл тигізген жергілікті тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 6 шілде күні кешке Жалтыр ауылының орталық алаңында болған. Учаскелік инспектор алаңда мас күйінде жүрген әйелді байқайды. Кейін жүргізілген медициналық куәландыру оның орта дәрежелі ішімдік ішкенін растады.
Тәртіп сақшылары қоғамдық орындағы заңсыздықты тоқтатпақ болғанда, 34 жастағы ауыл тұрғыны міндетін атқарып жүрген полицейлерді балағаттап, тіл тигізген. Әйелдің бұл әрекеті видеоға тіркеліп, қазіргі уақытта оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаменті азаматтарға билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау, оларды балағаттау немесе қарсылық көрсету заң бойынша қатаң жазаланатынын ескертеді.