Алматыда бір отбасының 3 ұрлықшы келіні ұсталды
Олар сыған ұлтының өкілдері болып шықты
Алматыда автобуста жолаушыларды тонап жүрген сыған ұлтының өкілдері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Криминалдық полиция қызметкерлері бір отбасының үш келінін ұстады. Тергеу мәліметінше, әйелдер алдын ала өзара рөлдерді бөлісіп, адам көп жиналатын орындарды таңдаған. Негізгі нысандары – базарлар, қоғамдық көлік және халық көп шоғырланатын өзге де орындар болған. Олар осы жерлерде ұялы телефондарды, ақша және алтын бұйымдарды ұрлаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, дәлелдемелер базасын жинақтап, қылмыстық топтың мүшелерін кезең-кезеңімен анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың Алматы қаласы аумағында жасалған ондаған мүліктік қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Полицейлер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеріп жатыр.
Криминалдық полиция азаматтарды адам көп жиналатын орындарда сақ болуға шақырады.