Түркістан облысындағы жол апатында бір отбасының бес баласы қаза тапты

Тағы бір бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады

Түркістан облысындағы жол апатында бір отбасының бес баласы қаза тапты
КТК телеарнасының видеосынан скриншот

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Еңбекші ауылында адам өліміне әкелген жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Volkswagen Polo көлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Апат салдарынан бір отбасының бес баласы қаза тапты. Тағы бір бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалған, алайда жағдайы әлі де ауыр. Ата-анасының өтініші бойынша зардап шеккен баланың жағдайы туралы қосымша ақпарат жарияланбайды.

КТК телеарнасының хабарлауынша, қаза тапқандардың бәрі – қыз балалар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлік тізгінінде биыл мектеп бітірген түлек болған.

«Қаза тапқан балалардың бәрі бір отбасыдан. Біз олардың үйіне барып, көңіл айттық. Жүргізуші қыз менің немереммен бірге оқыған екен. Олар биыл мектеп бітірді. Елдің айтуынша, көлік тізгінінде сол қыз болған», – деді ауыл тұрғыны Бейсенкүл Күдериева.

Түркістан облысы полиция департаменті жол апатына қатысты түсініктеме берді.

«Бес адам қаза тауып, бір адам жарақат алған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылған», – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін Түркістан облысы жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша елде алдыңғы орында тұрғаны хабарланған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында өңірде 461 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 100 адам қаза тапқан. Тағы 573 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.