Алматы облысында барақтағы ірі өрттен сегіз пәтер жанып кетті
Өрт тұрғын үйді толық шарпыды. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр
Алматы облысының Талғар ауданындағы Белбұлақ ауылында барақ үлгісіндегі тұрғын үйде ірі өрт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 27 маусым күні «101» қызметіне Талғар ауданы, Бельбұлақ ауылы, Жібек жолы көшесі, 18-мекенжайындағы сегіз пәтерлі барақ үлгісіндегі тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
Ведомствоның хабарлауынша, сол кезде облыс аумағында өртке байланысты ахуал күрделі болған. Талғар ауданының өрт сөндіру бөлімшелері бірнеше шақырту бойынша жұмыс істеп жатқан.
«Өрт туралы хабардың "101" пультіне кеш түсуіне байланысты алғашқы бөлімшелер оқиға орнына жеткен кезде жалын жалпы аумағы шамамен 500 шаршы метр болатын сегіз пәтерді толық шарпып үлгерген», – деп мәлімдеді облыстық ТЖД.
Мамандардың айтуынша, өрттің жылдам таралуына қатты жел мен ғимараттың шпалдан, қамыс-қаңқалы және кірпіш конструкциялардан салынуы әсер еткен.
Өрттің ауқымына байланысты оқиға орнына қосымша күштер мен техника жоғары шақырту дәрежесі бойынша жұмылдырылған.
«Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды қысқа уақытта оқшаулап, оның одан әрі таралуына жол бермеді», – деді ТЖД.
Өрт толық сөндірілді. Оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрларда барақтың шатыры толықтай отқа оранып жатқанын көруге болады.