«Әруақтарды шақырған»: Павлодарда бейіт басына жиналған бір топ бозбала зейнеткерді пышақтап кетті
Аталған факті бойынша тергеу басталды
Павлодарда бейіт басында жүрген зейнеткерді жасөпірімдер пышақтап кеткен. Суворов қорымында болған төтенше жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Irbistv мәлім еткендей, оқиғаға 15-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері араласқан.
Дәрігерлердің хабарлауынша, 15 маусымға қараған түні сағат 04:00 шамасында денесінде пышақ жарақаттары бар 63 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілген. Бағына орай, жарақаттар ауыр болмай, қарт кісі 5 күннен кейін үйіне жіберілген. Белгілі болғандай, ол зиратта бейресми түрде жұмыс істеп жүрген.
Аталған факті кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында қаралды. Жасөспірімдер түн ортасында зиратқа өздері ойлап тапқан жасырын қауымдастықтың «ғұрпын жасап», «әруақтарды шақыруға» барған көрінеді. Балалардың бір бөлігі ата-анасынан «досымның үйіне қонамын» деп сұранған, ал кейбірі үлкендердің қарауынсыз қалған.
«Балалардың түнде үйден тыс жерде жүргендігіне қатысты олардың ата-аналарына ата-аналық міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс берілді», - деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия төрағасы Светлана Гладышева.
Сонымен қатар, Гладышева заңнамадағы жаңа өзгерістерге байланысты мектеп директорлары мен мұғалімдерді жазалау мәселесі қаралмайтынын, алайда комиссия тарапынан балалардың бос уақытын бақылауды күшейту қажеттілігі туралы ескерту жасалғанын атап өтті.
Павлодар облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша тергеу басталғанын және оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады.