Қазақстанда бір айда 13 мыңнан астам адамды кене шаққан
Зардап шеккендердің 90%-дан астамы дер кезінде көмек алды
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі кененің маусымдық белсенділігіне байланысты еліміздің эндемиялық аймақтарында алдын алу шараларын күшейтті. Маусым басталғалы бері кене шаққан 13 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, зардап шеккендердің 90%-дан астамы дер кезінде кене энцефалитіне қарсы шұғыл профилактикалық көмек алды. Қазіргі уақытта қауіпті өңірлердегі медициналық ұйымдар жоғары дайындық режиміне көшірілген. Аймақтарда кенеге қарсы өңдеу, тәуекел тобындағы азаматтарды вакцинациялау және тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ елімізде иммуноглобулиннің қажетті қоры жасақталған.
Министрліктің ақпараты бойынша, Қазақстанда жыл сайын, әсіресе кене көп болатын көктем мен жаз айларында, орта есеппен 24-тен 48-ге дейін адам кене энцефалиті деген қауіпті ауруды жұқтырады. Биыл зертханалық жолмен 24 жағдай расталған.
Кене энцефалиті табиғи-ошақтық инфекцияларға жатады және көбіне аурудың табиғи ошақтары бар аймақтарда тіркеледі.
Бұндай аумақтарға Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары, Жетісу облысы, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.