Қарағандыда жоғалып кеткен 8 жасар бала су қоймасына барып демалып келген
Бала ата-анасына қайтарылды
Қарағандыда 8 жасар бала облыстың бүкіл полицейлерін аяқтан тік тұрғызды. Жоғалып кеткен бала достарымен су қоймасына барып, күнді көңілді өткізген.
25 шілдеде сағат 16:30 шамасында полиция бөлімшесіне баланың анасы хабарласып, ұлының із-түссіз жоғалып кеткенін айтқан. Ол әдеттегідей аулаға ойнауға шығып, содан қайта келмепті. Әйел ұлын өзі іздеп таба алмаған соң, тәртіп сақшыларына дереу хабар берген. Баланы іздеуге облыстың полицейлері түгел жұмылдырылды.
Іздеу барысында белгілі болғаны, 8 жасар бала ауладағы екі досымен бірге қала сыртындағы Федоров су қоймасына автобуспен кетіп қалыпты. Балалар су жағасында от жағып, кешке дейін көңіл көтерген. Кейін қайта қалаға келіп, көрші аулада ойнап жүрген жерінен оларды полиция қызметкерлері тапты.
Балаларды табуға куәгерлер көмектесті. Қазір үшеуі де ата-анасына қайтарылған.