Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та терроризмге қатысы бар делінген Қазақстан азаматына қатысты мәлімдеме жасады

Қазір отандасымыз қамауда отыр 

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та терроризмге қатысы бар делінген Қазақстан азаматына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: icegov

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталған отандасымызға қатысты жағдайдан хабардар екенін растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Иә, бұл жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігі хабардар. Қазіргі уақытта тексеру жұмысы жүргізіліп, барлық мән-жай анықталып жатыр. Ресми мәліметтердің түсуіне қарай қосымша ақпарат ұсынылатын болады», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Осыған дейін АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейді тұтқындағанын хабарлады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жазда иммиграциялық сот оны елден шығару туралы шешім қабылдаған, алайда ол сот отырысына келмей қалған. Еламан Балтагерей терроризммен байланысы бар деген күдікке ілініп, қамауға алынды.