«Көлігімді сырттай сатып жібергендер рақымшылыққа ілініп кетті»: бойжеткен ХҚО-ның заңсыз әрекетін әшкере етті
Мұның бәрі жәбірленуші шетелде жүргенде болған
Алматы тұрғыны Әсел Киришева өз көлігінің сырттай рәсімделіп, сатылып кеткенін айтты. Өзі шетелде жүргенде көлігін танысына пайдалана тұруға берген екен. Бойжеткен заңсыз іске Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері мен бір топ тұлғаның қатысы бар екенін айтып, әлеуметтік желіде үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әсел Киришеваның сөзінше, оның атынан бөтен әйел көлік иесі болып қол қойған.
«Мен елде болмаған кезде автокөлігім заңсыз түрде басқа адамның атына қайта рәсімделген. Бұл іс бойынша А.Б. Жұмабеков, Е.С. Молдахметов, ХҚО қызметкері Н. Омаров және көлікті рәсімдеу кезінде өзін мен ретінде таныстырған белгісіз әйел фигурант ретінде өтіп жатыр. Бастапқыда өтінішім тиісті деңгейде зерттелмеді. Кейіннен қылмыстық іс тіркелгенімен, артынша қайта қысқартылды. Соның салдарынан маған келген шығын өтелмеді, автокөлігім қайтарылмады, ал істің барлық мән-жайы, толық әрі объективті түрде зерттелген жоқ», - деді ол.
Жәбірленушінің сөзінше, айыпты тұлғалар рақымшылыққа ілігіп, оңай құтылып кеткен. Ол заң орындарының әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізді.
«Бұл менің ғана жеке мәселем емес. Менің орнымда кез-келген азамат болуы мүмкін еді. Егер мүлікті иесіз-ақ басқа адамның атына аударып, кейін істі жауып тастауға болатын болса, демек, мұндай жағдайға әрбір адам тап болуы мүмкін», - деді ол.
Әсел Киришева осыған дейін ақпарат құралдарына сұхбат бергенін, алайда әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүргенін жеткізді.