Павлодарда пәтердегі өрттен қашып құтылмақ болып, екініші қабаттан секіріп кеткен 23 жастағы қыз қайтыс болды
Барлығы 6 адам зардап шекті
Павлодардағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, бірнеше адам зардап шекті. Құтқарушылар жеткенге дейін екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен бойжеткен ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті басылымға сілтеме жасай отырып.
Irbistv мәліметінше, оқиға 12 маусымға қараған түні болған. Түнгі сағат 03:55-те төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабарлама түскен. Бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтердегі жиһаз бен терезе жақтауы жанып, өрт 20 шаршы метрді шарпыған. Қызыл жалын сағат 04:16-да оқшауланып, 04:22-де толықтай сөндірілді. ТЖД қызметкерлері үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды. Иіс тиіп уланған екі ересек адам ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен 2003 жылғы бойжеткен ауыр халде ауруханаға түскен.
«Оқиға орнында жедел жәрдемнің 2 бригадасы және Апаттар медицинасы орталығының 1 бригадасы жұмыс істеді. Барлығы алты адам зардап шеккен. 2003 жылғы бойжеткен ауыр жағдайда Павлодар қалалық №3 ауруханасына, 1972 жылғы ер адам мен 1973 жылғы әйел №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Ал сегіз жасар қыз, 18 жастағы бозбала және 66 жастағы қария алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартты», - деп хабарлады Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясынан.
Кейінірек Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы сағат 05:50-де 23 жастағы қыздың қайтыс болғанын хабарлады.