Алматы облысындағы тауда Ан-2 ұшағы апатты жағдайда қонды
Әуе кемесі тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына түскен
Алматы облысындағы таулы аумақта Ан-2 ұшағы қону кезінде зақымданды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кадрлардан әуе кемесінің тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына қонғанын көруге болады. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ – Қаракемер аумағында болған. Жақын маңда әуежайлар жоқ.
Көлік министрлігі авиациялық оқиға болғанын растады.
«Авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы мәліметтерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес... UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 әуе кемесімен болған авиациялық оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға (авария) ретінде тіркелді және оны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Министрліктің мәліметінше, Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті болған жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстарын бастап кеткен. Оқиға орнына департамент қызметкері жіберілді.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.