«20 жылға сотталды»: Семейде оқушы қыз жиналысқа келген прокурорға өгей әкесінің зорлап жүргенін айтып, азаптан құтылған
Оқиға былтыр 24 шілдеде анықталған
Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі прокурорлар оқушылар және студенттер үнемі кездесіп, олардың құқығын қорғауға қатысты жиындап өткізіп тұратыны белгілі. Абай облысының прокуратурасы осындай кездесулер кейде нақты нәтиже беріп, аса ауыр қылмыс жасап жүрген адамдарды ұстауға көмектесетінін мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысының прокуратурасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, былтыр жазда Жарма ауданының прокуроры жастармен кездескен. Кездесу аяқтала сала оған кәмелетке толмаған қыз келіп, өгей әкесі қорлық көрсетіп жүргенін айтқан.
«2025 жылғы 24 шілдеде Жарма ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандармен кездесу ұйымдастырып, оның барысында жеке қауіпсіздік, балаларды қорғау мәселелері, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі түсіндірген. Іс-шарадан кейін кәмелетке толмаған қыз өгей әкесі бірнеше рет зорлағанын айтып, аудан прокуратурасына арыз жазған. Анықталғандай, ол прокурордың кездесуінен кейін өз құқығы туралы біліп, осындай қадамға барған», - деп хабарлайды прокуратура.
Істі бірден тіркеген прокурор қыздың өгей әкесіне қатысты тергеу бастатқан. Тергеу өгей әкенің кінәсін толық дәлелдеген.
«Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кәмелетке толмағанның өгей әкесі 20 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлайды прокуратура.