Павлодардағы зауытта төтенше жағдай болды: зардап шеккендер бар

Зауыттағы жұмыс кезінде екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген

Павлодардағы зауытта төтенше жағдай болды: зардап шеккендер бар
Фото instagram.com/aluminium_of_kazakhstan

Павлодардағы алюминий зауытында екі адам өндірістік жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«16 мамыр күні сағат 23:10-да Павлодар алюминий зауытында №3 пештің кептіру аймағын тазалау жұмыстары кезінде жиналып қалған материалдың бір бөлігі опырылып құлады. Сол сәтте аумақта диірмен машинисі мен агломерация цехының агломератшысы болған», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Зардап шеккен жұмысшыларға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер диірмен машинисінің оң жіліншігі сынғанын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал кәсіпорын таратқан мәліметке сәйкес, екінші жұмысшының оң жіліншігі көгерген, сыну дерегі мен еңбекке жарамсыздық анықталмаған. Дәрігерлер тексерісінен кейін ол амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі зауытта ешқандай апат болмағанын да мәлімдеді.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына жауапты уәкілетті орган қызметкерлері Павлодар алюминий зауытының аумағына барып тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.

Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты. Жұмысшылардың жарақат алу дерегіне қатысты қабылданатын шешім кейінірек хабарланатыны белгілі болды.