Қолын есік арасына тыққан: Астанада LRT қозғалысына кедергі келтіргендер анықталды

Жүйе жұмысына кедергі келтіргендер бейнекамераға түсіп қалған

Қолын есік арасына тыққан: Астанада LRT қозғалысына кедергі келтіргендер анықталды
Фото: Ақорда

Астанадағы LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзу деректері тіркеліп жатыр. Мұндай әрекеттер пойыздардың тоқтауына және диспетчерлер тарапынан қосымша тексеріс жүргізілуіне себеп болуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy City Transportation Systems компаниясына сілтеме жасап.

Компания мәліметінше, кейбір жолаушылар платформадағы жедел тежеу батырмасын себепсіз басады, пойыз ішіндегі платформалық есіктерді апатты жағдайда ашуға арналған тетікті іске қосады, вагон есіктерін өз бетінше ашуға тырысады және қолдарын есік арасына сұғып, оның жабылуына кедергі келтіреді.

«LRT жүйесі толық автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің бәрі қауіпсіздікке төнген ықтимал қатер ретінде қабылданады. Соның салдарынан пойыз тоқтап, диспетчерлік орталық қосымша тексеріс жүргізеді», – деп мәлімдеді CTS өкілдері.

Компания өкілдері желіде жоғары кернеу барын еске салды. Сондай-ақ әр құрам ішінде LRT пойызының операторы болатынын, қажет жағдайда ол электр қуаты ажыратылғаннан кейін есікті өзі ашатынын айтты.

«Жолаушылардан LRT пайдалану ережелерін сақтауды сұраймыз. Ереже бұзғандардың барлығы станциялар мен вагон ішіне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықталады», – деді CTS компаниясында.

Сонымен қатар компания анықталған құқықбұзушылықтарға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетінін ескертті. Себебі мұндай әрекеттер жолаушылар қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, LRT желісінің тұрақты жұмысына да кері әсер етеді.