«Sergek» жүргізушілердің «шаршап келе жатқанын» екі минут ішінде анықтайтын жүйені іске қоспақ

Қазір компания AI-жүйені сынақтап өткізіп жатыр

«Sergek» жүргізушілердің «шаршап келе жатқанын» екі минут ішінде анықтайтын жүйені іске қоспақ
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жол апаттары мен ереже бұзған жүргізушілерді камераға түсіретін «Sergek» компаниясы енді полицияға екі минут ішінде жол апатының ықтимал екендігі туралы ақпарат береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін «Sergek» компаниясының IT-өнімдерді дамыту жөніндегі директоры Нигмет Абдрахманов Қазақстанның қалалары мен өңірлеріндегі көше-жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған Ұлттық семинарда жаңа тұжырымдаманы таныстырған.

Оның айтуынша, бүгінде қалалық қауіпсіздік жүйелерінің көпшілігі «оқиға өтіп кеткеннен кейін ғана іске қосылады». Енді бұның алдын алу үшін компанияның камералары жол апаты болмай тұрып, екі минут ішінде полицияға ақпарат беріп үлгермек. 

«Sergek Group компаниясының AI-платформасы камералардан келетін бейнеағынды қаланың сенсорлық желісі ретінде өңдейді. Жүйе жол-көлік оқиғалары орын алмай тұрып жүргізушілердің агрессивті мінез-құлқын, қауіпті жол учаскелерін, ал тасжолдарда жүргізушінің шаршау белгілерін анықтайды. Осы деректерді анықтағаннан бастап патурльге push-хабарлама жіберуге дейінгі аралық екі минут», - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Дереккөзге сүйенсек, платформа сонымен қатар жол геометриясын өзгерту, бағдаршам фазаларын түзету және қауіпсіздік элементтерін орналастыру бойынша шешімдер қабылдауға көмектеседі.