Ақтауда оқу-жаттығу кезінде сарбазға оқ тиіп, қаза тапқан – оның командиріне қатысты іс сотқа кетті
Сарбаз биыл 17 ақпан күні мерт болған еді
Биыл 17 ақпан күні Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде сарбаз Жайғалиев қаза тапқан еді. Әскери тергеу істі тергеп, оның қорытындысын сотқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегіне сүйенсек, баланың қазасы әскери бөлім командирінің тікелей салғырттығынан болған.
«Биыл 17 ақпанда Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде командир қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, сарбаз Р. Жайғалиев қаза болды. Бас әскери прокуратура қылмыстық істің тергеуін аяқтады. Тергеу барысында анықталғандай, бөлім командирі жеке құрамды бақылауды және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамаған. Түптеп келгенде, қайғылы оқиғаға осы себеп болған», - деп хабарлайды Бас әскери прокуратура.
Әскери прокурор сарбаздың өліміне қатысты дәлелдерді барынша тез жинап, сараптама жасаған. Әскери бөлімнің командиріне қатысты қылмыстық істі енді әскери сот қарайды.