Британияда өлі табылған мигранттар Вьетнам азаматтары болған
Бастапқыда олардың бәрі Қытай азаматтары болуы мүмкін деген болжам айтылған еді
Ұлыбританияға Бельгия арқылы жеткен, бірақ артынша жүк көлігінің артқы бөлігінен өлі табылған мигранттар Вьетнам азаматтары болып шықты. Бұл туралы Англияның Эссекс графтығының полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новостиге сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары жүк көлігінен барлығы 39 адамның денесін тапқан болатын, бастапқыда олардың бәрі Қытай азаматтары болуы мүмкін делінген еді.
Бұған дейін осы іске қатысы болуы мүмкін 5 күдіктінің, оның ішінде, көлікті тізгіндеген 25 жастағы Морис Робинсон мен мәйіттер табылған жүк көлігінің иелері – Уоррингтон қаласының ерлі-зайыптылары ұсталғаны хабарланған болатын. Полиция бүгінде олардың үшеуін кепілмен бостандыққа жіберген.
«Дәл қазіргі уақытта біз құрбандардың Вьетнам азаматтары екеніне сенімдіміз. Біз Вьетнам үкіметімен байланысқа шықтық», – дейді полиция өкілдері.
Бұдан бұрын біз вьетнамдық полицияның 23 қазан күні ағылшындық Эссекс графтығында жүк көлігінің жүк салғышынан денелері табылған 39 мигранттың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстағаны туралы жазған едік. Вьетнам премьер-министрі Нгуен Суан Фук полицияға адамдарды заңсыз тасымалдау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуді тапсыра отырып, елдің Сыртқы істер министрлігіне қаза тапқандардың жеке тұлғасын анықтау үшін британдық қызметтермен ынтымақтаса жұмыс істеуді міндеттеді.