«Бір қызығы – осы»: Шымкент түрмесінде отырған адам қағаз жүзінде ғана колледж ашып, 1,3 млрд теңгенің грантын қалтаға басқан (ВИДЕО)

Оның қағаз жүзінде ашып алған мекемесі «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» деп аталған

«Бір қызығы – осы»: Шымкент түрмесінде отырған адам қағаз жүзінде ғана колледж ашып, 1,3 млрд теңгенің грантын қалтаға басқан (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкенттегі департаменті білім беру саласындағы ірі қылмыстық схеманы әшкере етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жолы тергеу назарына екі жекеменшік колледж – «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС іліккен. Осы мекемеге қатысы бар колледжд басшылары, бухгалтерлер мен өзге де тұлғалар мемлекеттен 1,3 млрд теңге ұрлағаны анықталды.

«Тергеу амалдарына сай, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды түрде ғана ашылған», - деп хабарлайды ҚМА.

Олардың схемасы бойынша, студенттер оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген.

«Бір қызығы, осы схеманы ұйымдастырған адам бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы түрмеде отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған», - деп хабарлайды ҚМА.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Сот қылмыскерлердің 3 пәтері, соның ішінде Дубай қаласындағы пәтеріне, 3 тұрғын үйі мен 3 автокөлікке арест қойды.