Анталияда қаза тапқан ер адамға қатысты тың дерек шықты
Бұған дейін марқұмның қазақстандық екені айтылған
Анталиядағы жол апатынан қаза тапқан 27 жастағы Кубат Аманбековтің Қырғызстан азаматы екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдайда көз жұмған жігітке қатысты ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.
«Түркия тарапының мәліметінше, қаза тапқан азамат – Қырғызстан азаматы», – деп мәлімдеді Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Анталияда жол-көлік оқиғасынан қазақстандықтың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ер адамды такси қағып кеткен.
Түркияның Ihlas Haber Ajansi басылымы таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 8 мамырға қараған түні Анталья қаласының Серик ауданындағы туристік жолдардың бірінде болған. 27 жастағы Құбат Аманбеков велосипедпен келе жатқан сәтте оны такси қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жігіт жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмған.
Қазір такси жүргізушісі полиция бөлімшесіне жеткізіліп, одан жауап алынуда. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
Ол соңғы бірнеше жыл бойы Түркияда тұрып, Белек өңіріндегі бес жұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып еңбек еткен.