Ақтаудағы көпқабатты үйде тышқан қаптап кеткен: санэпидбақылау не дейді?
Облыстық және қалалық әкімдіктерге алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттігі жөнінде хаттар жолданған
Ақтауда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары 4-шағынауданда орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі тұрғындардың шағымына байланысты түсініктеме берді. Аталған аумақта бір айдан астам уақыттан бері кеміргіштер мәселесі шешілмей тұрғаны айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексімен реттеледі.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Кодекстің 107-бабына сай профилактикалық шаралар мен эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша атқарылатын жұмыстарды жеке және заңды тұлғалар өз күшімен ұйымдастыруға міндетті.
Ал профилактикалық дезинсекция мен дератизация жұмыстарын жүргізу жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне кіреді.
«Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын арнайы лицензиясы бар ұйымдар атқарады. Мұндай мекемелердің тізімі департаменттің Instagram-парақшасында жарияланған», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ департамент облыстық және қалалық әкімдіктерге дезинсекция мен дератизация бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі жөнінде ресми хаттар жолдағандарын айтты.