Таразда автосалонның көлігін оңды-солды сатып, 334 млн теңгені қалтасына басқан бас менеджер 8 жылға сотталды
25 жастағы жігіт салондағы жаңа көліктерді өзінің көлігі сияқты сатқан
Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны ірі автосалонның бас менеджері ретінде жұмыс істей тұрып, жалпы құны 334 млн теңге тұратын бірнеше көлікті заңсыз сатып жібергені үшін сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Негізінен, жігітті сот 5 жылға соттаған. Алайда, прокурор бұл жазаға наразы шығып, залалдың аса ірі екенін және жігіт залалды өтемегенін айтып, оның жазасын сегіз жылға ұзартқан.
Іс материалдарына сүйенсек, жігіт автосалонның сату бөлімінің басшысы болған. Алдымен ол салонға келген әйелді алдаған: құны 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп, әйелдің көлігін сатып жіберген.
«Ақшаны өз керегіне жаратқан жігіт бұл қылмысын басшылыққа білдірмей, автосалонда тұрған 83 млн теңге көлікті әйелге беріп жіберген. Одан кейін ол басқа азаматтардың «сатып бер» деп салонға тастап кеткен екі көлігін өз көлігіндей сатқан. Бірін 68 млн теңгеге, екіншісін 34 млн теңгеге сатқан ол ақшаны тағы да өз қалтасына басқан. Сонымен қатар ол автосалонға тиесілі құны 59 млн теңге жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен сатып жіберген», - деп жазады прокуратура.
Бұған дейін айтқанымыздай, сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және басқа біреудің мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, 5 жыл 1 айға соттаған.
«Алайда, прокурордың қорытындысы бойынша кассациялық сот бұл жазаны өзгертіп, бас бостандығынан айыру мерзімін 8 жылға ұлғайтқан, себебі ол залалды өтемеген», - деп хабарлайды прокуратура.