Жітіқарада таргет арқылы есірткі жарнамалаған бойжеткен жеті жылға сотталып кетті
Ол әлеуметтік желіде өзіне жалған аккаунт ашып әрекет еткен
Жітіқара аудандық соты телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз жарнамалаған қызды жеті жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сүйенсек, ол 2025 жылдың маусым айында «Telegram» мессенджері арқылы «В» лақап атымен тіркелген тұлғамен байланыс орнатқан. Тергеу оның кім екенін анықтай алған жоқ. Содан кейін ол Жітіқара қаласында бола отырып, адамдар тобымен бірлесіп, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына адамдарды тарту мақсатында «Telegram» арқылы заңсыз жарнама таратқан. Сонымен қатар «TikTok» және «Instagram» әлеуметтік желілерін пайдаланып, жарнаманы ілгерілету үшін таргетологтарды тартқан және жаңа қатысушыларды қылмыстық әрекетке тартқаны үшін заңсыз сыйақы алып отырған.
«Бұдан бөлек, 2026 жылғы 25 қаңтарда алдын ала сөз байласу арқылы анықталмаған тұлғамен бірлесіп, кейіннен сату мақсатында құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың аналогтары бар сәлемдемені алған», - деп хабарлайды сот.
Сот үкім шығарарда бойжеткеннің әлі жас екенін және қылмысы үшін шын жүректен өкінетінін ескерген. Ол айыпталған екі баптың ауыр жазасын қосса, 18 жыл болады.
«Сот іс бойынша барлық мән-жайларды, қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін және сотталушының жеке басын ескере отырып, оны жеті жылға соттады», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.