Абай облысындағы қанды жол апаты: ауыр зардап шеккен 4 баланың анасы әділдік іздеп жүр

Оған жол апатынан келген шығынды ешкім өтемеген

Абай облысындағы қанды жол апаты: ауыр зардап шеккен 4 баланың анасы әділдік іздеп жүр
Фото: скрин

Былтыр 3 қазанда Абай облысындағы тас жолда болған қайғылы апаттан 3 адам қаза тапты. Оның бірі – Гүлназ Сүлейменованың күйеуі. Марқұм ауруханаға барар жолда жантәсілім етті, артында 4 баласы жетім қалды. Қарсы келген Toyota Avensis маркалы көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Гүлназ сол апаттан өте ауыр жарақат алып, төсекке таңылды, қазіргі күні ептеп балдаққа тұрады. Ал көлікте жанында отырған 7 жасар ұлының миы шайқалған, есту, көру қабілеті нашарлаған. Бала жантүршілгерлік апаттан кейін гүрілдеген дыбыстан қорқады. Отағасынан айырылған көпбалалы ананың жалғыз өзіне отбасын асырап-бағу қиынға соғып отыр. Оқиғадан кейін тергеу жүріп, сот болған. Алайда, заң бойынша өтелуі тиіс моральдық зиянды өндіру мәселесі мен кінәлі тараптың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сотта тиісті құқықтық бағасын алмаған. Жәбірленуші Гүлназ Сүлейменова мен оның адвокаты істі қайта қарауды талап етіп, Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берді. 

«Жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 3 қазанында болды. Біз Астанадан Аягөзге өз көлігімізбен жолға шықтық. Көлікте жолдасым, мен және 7 жастағы ұлым болды. Түнде жолға шығып, таңғы сағат 9 шамасында Семейге жеттік. Қаладан шамамен 5 шақырым шыққан кезде қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігін көрдік. Оның артында ақ түсті полиция машинасы көрінді. Сол сәтте Toyota Avensis маркалы көлігі жүк көлігінің оң жағынан  шығып келіп бізге соқты. Жол апаты салдарынан жолдасым жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Ал қарсы көліктегі екі адам сол жерде көз жұмды. Мен ауыр жарақат алдым, бірнеше жерім сынды. Ауруханада шамамен 18 күн жаттым. Қазір балдақпен жүремін, толық жазылған жоқпын. Әлі күнге дейін сынған жерлерім сырқырайды, басым жиі ауырады, түнімен ұйықтай алмай шығамын. Сол кезде қасымда отырған ұлымның миы шайқалды, ауыр соққы алды. Біраз уақыт ес-түссіз, оттегі аппаратымен демалып жатты. Баламның денсаулығы қалпына келген жоқ, «құлағым естімейді» деп жиі айтады, дәрігерлер көзі шамамен 60 пайыз ғана көреді деген қорытынды берген. Қатты дыбыстардан қорқады», - деп баяндады әйел қазіргі жай-күйін.

Гүлназ Сүлейменова алған жарақаттарына байланысты кемінде алты айға жұмысқа жарамсыз деп танылды. Ай сайынғы жәрдемақысы еміне қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға жетпейді.

«Toyota Avensis көлігінің жүргізушісінің куәлігі де, сақтандыруы да болмаған. Ол тіпті мүліктің иесі де болмай шықты. Соған қарамастан, көліктің шынайы қожайыны жауапкершілікке тартылған жоқ. Қазір мен төрт баламен отырмын. Өзім жұмысқа жарамсызбын, табысым жоқ. Тек 132 мың теңге жәрдемақы аламын. Алғашында туыстарым көмектесті, бірақ қазір қаржылық жағдай өте қиын. Баламды да, өзімді де толық емдетуге мүмкіндігім жоқ. Қазір тек мемлекеттік емханаларда кезекпен қаралып жүрміз. Менің талабым - кінәлі тараптан бізге келген моральдық және материалдық зиянды өндіртіп алу. Әділдікке жетемін, соңына дейін барамын», - дейді Гүлназ.

Жәбірленушінің адвокаты Жадыра Құрымбаеваның айтуынша, істе шикіліктер өте көп, сондай-ақ судья үкім шығарарда адвокаттың дәлелдерін есепке алмаған.

«Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының салдарынан келген шығынды ешкім өтеп отырған жоқ. Ал заң бойынша, кінәлі адам қайтыс болған жағдайда да зиянды өтеу міндеті тоқтамайды, ол оның мұрагерлеріне жүктеледі. Сонымен қатар, көлік иесінен де материалдық және моральдық шығынды өндіріп алуға толық негіз бар. Бұл істе көлік иесінің жауапкершілігі ерекше назар аударуды талап етеді. Себебі көлік ресми түрде сатылмаған, мүлік банкте кепілдікте тұрған. Мұндай жағдайда көлікті үшінші тұлғаға сату заңға қайшы. Соған қарамастан, көлік иесі ай сайын өзі 126 мың теңге несие төлей отырып, көлікті басқа адамға 150 мың теңгеге «беріп» отырған, яғни бұл жерде заңсыз табыс табу белгілері де бар. Таңғалатын дүние - көлікті басқарған адамның жүргізуші куәлігі болмаған және ол сақтандыру полисінде де көрсетілмеген. Мұндай жағдайда көлік иесі оның көлік жүргізуге құқығы бар-жоғын тексеруі керек еді. Сот барысында көлік иесі өзінің жауапкершілігінен жалтаруға тырысты. Ол «ештеңе білмеймін, бәрін күйеуім біледі» деп, жауапкершілікті басқа адамға аударуға әрекет етті. Көліктің қожайыны тергеуде де, үкімде де толыққанды бағаланбаған. Сот үкімде материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талапты қараусыз қалдырған. Жәбірленушіге бұл мәселені азаматтық сотта шешуге мүмкіндік беретін нақты құқықтық жолды көрсетпеген», - дейді адвокат.

Жадыра Құрымбаеваның айтуынша, қылмыстық процесс аясында азаматтық талап арыз бойынша нақты шешім шығарылмағандықтан, келтірілген шығынды өндіру мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ адвокат тергеу кезінде көптеген дәлсіздіктер барын айтты.

«Сараптама қорытындылары да үлкен күмән тудырады. Toyota Avensis көлігінде нақты бір адамның биологиялық іздері анықталмаған, керісінше бірнеше адамның іздері болуы мүмкін екені жазылған. Соған қарамастан, тергеу бұл деректерді бұрмалап, нақты бір адамға тиесілі деп көрсеткен. Оқиға орнында болған куәгерлер мүлде сұралмаған. Тіпті екінші қатысушы көлік, жүк көлігі жүргізушісінен, толыққанды жауап алынбаған. Сондай-ақ, апат кезіндегі жағдайға байланысты қосымша сараптамалар жүргізілмеген. Мысалы, соқтығыс кезінде адамның көліктен қалай шығып кеткені, қай жерде табылғаны сияқты маңызды жайттар мүлде зерттелмеген. Видеожазбаларға қарағанда, оқиға логикасына сәйкес келмейтін тұстар бар, бірақ олар да назардан тыс қалған. Тергеу амалдары талапқа сай жүргізілмеген. Жәбірленуші тарап іс материалдарымен толық таныспаған, ал құжаттарға олардың қатысуынсыз қол қойылған. Бұл дегеніміз, тікелей процессуалдық заңбұзушылық. Осының бәрі істің объективті қаралмағанын, дәлелдердің толық зерттелмегенін және біржақты шешім қабылданғанын көрсетеді. Тағы бір маңызды мәселе – оқиға орнында болған полиция қызметкерлерінің бейнетіркеу құрылғылары жұмыс істемеді деген уәж. Алайда оның не себепті істен шыққаны туралы ешқандай ресми тіркеу немесе түсіндірме жоқ. Бұл да заң талаптарына қайшы. Қазіргі таңда біз апелляциялық тәртіппен осы барлық заңбұзушылықтарды қайта қарауды талап етіп отырмыз», - деді адвокат.

Апелляциялық сот алқасының сот отырысы 23 сәуірде өтеді. Редакция осы мәселені назарда ұстайды.